Жаңалықтар
Домбыра – қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық құндылығының символы. Қос ішектен төгілген күй ғасырлар бойы халқымыздың тарихын, қуанышы мен мұңын, ерлігі мен даналығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Бүгінде ұлттық өнерді дәріптеп, дәстүр сабақтастығын жалғастырып жүрген өнер ұжымдарының бірі – Қарағанды медицина университетінің «Жігер» домбыра ансамблі.
Медицина саласын таңдаған студент жастар үшін білім мен ғылым ғана емес, рухани құндылықтар да ерекше маңызды. Осы орайда «Жігер» домбыра ансамблі өнер мен медицинаны ұштастырып, студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттыруға өз үлесін қосып келеді.
Ансамбль құрамындағы студенттер оқу мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүріп, түрлі мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Университет көлемінде өтетін мерекелік кештерде, патриоттық іс-шараларда, қайырымдылық акцияларында және ұлттық мерекелерде күмбірлеген күй орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
«Жігер» ансамблінің басты мақсаты – қазақтың күй өнерін насихаттау, ұлттық мұраны дәріптеу және жастардың рухани дүниесін байыту. Домбыраның қоңыр үні студенттерге рухани күш беріп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында «Жігер» домбыра ансамблінің өнері – жастардың ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігінің, өнерге деген құрметінің және рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі. Болашақ дәрігерлердің бойындағы мейірімділік пен адамгершілік қасиеттер домбыраның қоңыр үнімен үндесіп, олардың жан дүниесін байыта түседі.
Медицина мен өнерді қатар алып жүрген «Жігер» домбыра ансамблі алдағы уақытта да ұлттық өнерді дәріптеп, университеттің мәдени өміріне өз үлесін қоса береді.